Эпид. жағдай

2025 жылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша 15-49 жас аралығындағы азаматтар арысында АИТВ-инфекциясының  таралуы 0,97% құрады.

Ресми сайттар

«Білім мен тест - ең сенімді қалқан» - Өскемендегі жастар орталықтары мен ЖИТС орталығы АИТВ бойынша дәрістер мен экспресс-тестілер өткізуде

Өскемен қаласында жастар орталықтары Шығыс Қазақстан облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығымен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Дәрістер оқу орындарында, кеңес беру кездесулері медициналық ұйымдарда өткізіліп, қатысушыларға АИТВ бойынша тегін әрі құпия түрде экспресс-тест тапсыру мүмкіндігі берілуде. Мұндай шаралар жастарға тек теориялық білім алып қана қоймай, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді.

ШҚО ЖИТС орталығының мәліметінше, бүгінде өңірде АИТВ жұқтырған 3 мыңнан астам адам есепте тұр, жыл сайын шамамен 300 жаңа жағдай тіркеледі. Соңғы жылдары көрсеткіштердің аздап төмендеуіне қарамастан, облыс ел бойынша АИТВ таралу деңгейі жоғары өңірлердің бірі болып қалып отыр.

Мамандардың айтуынша, ақпараттандыру мен ерте диагностика АИТВ жұқпасының алдын алудың ең тиімді тәсілі.

«Бұл туралы ашық айту маңызды. Қорқыныш пен стереотиптен арылу керек. Білім мен дер кезінде тест тапсыру – ең сенімді қорғаныс», - деді ШҚО ЖИТС орталығының маманы.

Кездесулер барысында жастар мамандармен еркін әңгімелесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, экспресс-тест тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Соңғы апталарда жүздеген студент пен колледж оқушысы қамтылды.

Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Мақсат – жастардың өз денсаулығына саналы көзқарасын қалыптастырып, қоғамда АИТВ мен ЖИТС туралы ашық және дұрыс түсінік орнату.