Эпид. жағдай

ШҚО тұрғындары арасында 15-49 жас аралығындағы АИТВ-жұқпасын жұқтырғандардың таралуы 0,97% құрады.

Ресми сайттар

ШҚО-дағы АИТВ-ның алдын алу және емдеу мәселелері бойынша мониторинг

30 маусым мен 4 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысында АИТВ-инфекция мәселелері бойынша мониторинг өтті. Іс-шараны Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының (ҚДИАҒО) мамандары ұйымдастырды. Мониторингтің негізгі мақсаты – өңірдегі АИТВ саласындағы көмек көрсету жағдайын жан-жақты зерделеу, медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды бағалау және ұлттық хаттамалардың сақталуын тексеру болды.

Мониторинг аясында Өскемен қаласының бірнеше маңызды медициналық мекемесі қамтылды: Ана мен бала орталығы, тері-венерологиялық диспансердің емханасы, «Ем Алу плюс» емханасы, Қан орталығы, «Защита теміржол ауруханасы», сондай-ақ Психикалық денсаулық орталығы. Ерекше көңіл АИТВ-ның алдын алу, ерте анықтау, тестілеу мүмкіндігінің қолжетімділігі, пациенттерді маршрутизациялау, бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары мен ЖИТС орталығы арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне бөлінді.

Сонымен қатар ШҚО ЖИТС орталығының қызметіне жан-жақты аудит жүргізілді. Құжаттарды жүргізу, дәрілік менеджментті ұйымдастыру, антиретровирустық терапиямен тұрақты қамтамасыз ету, зертханалық қызметтің жұмысы тексерілді. Авариялық жағдайлар, қызметкерлерді оқыту, биоматериалдармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Мониторинг қорытындысы бойынша АИТВ-ның алдын алу жұмысын күшейтуге, өзара әрекеттестікті жетілдіруге және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар берілді.

Мұндай іс-шаралар Қазақстандағы АИТВ-ға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік стратегияның маңызды бөлігі болып табылады және ел аумағында көмектің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуге ықпал етеді.