Эпид. ситуация

Распространенность ЛЖВ среди граждан в возрасте 15-49 лет составила 0,847%.

ШҚО Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы халыққа медициналық көмек алуды жеңілдету үшін жиі қойылатын сұрақтарға жауап дайындады.

СҰРАҚ: Маған жеке клиникада аяққа ота жасау жоспарланып отыр. Ол жерде отаны МӘМС есебінен жасауға болатынын айтты. Өз емханамнан өтуім үшін барлық қажетті тексерулердің тізімін берді. Бұл мүмкін бе? Ал мен емхананың өзімен жұмыс жасайтын кез-келген ауруханаға жіберетінін естідім. Мен жеке медициналық орталықтың кеңесіне құлақ асып, оларға өз емханам арқылы МӘМС аясында келе аламын ба?

ЖАУАП: Иә, солай жасай аласыз. Бұл МӘМС жүйесінің ыңғайлы тұсы болып табылады, яғни медициналық қызметтерді алу үшін сіз медициналық ұйымды еркін таңдай аласыз.

Емхана өз пациентін медициналық қызмет алу үшін бірлесіп орындау шартымен жұмыс жасайтын медициналық ұйымға, сондай-ақ, пациенттің өзі таңдаған ұйымға да жібере алады. Ең бастысы - бұл клиника Қор жеткізушілерінің базасында болуы қажет.

Сіздің жағдайыңызда медициналық ұйым сізге МӘМС бойынша жұмыс жасайтынын және сізді жолдама бойынша қабылдауға дайын екенін растап отыр. Сіз өз емханаңызда барлық қажетті тексерулерден өтуге құқығыңыз бар және емхана сізге қажетті медициналық орталықты көрсете отырып, сізді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркейді.

 

СҰРАҚ: Бірнеше күннен кейін мен өз емханамда күндізгі стационарға жатуым керек. Бірнеше талдауды жасатып, флюорография және электрокардиограммадан өтуім қажет. Талдауларды жасаттым, «флюраны» өттім. Бірақ, ЭКГ-ге жазылайын десем, тек екі аптадан кейін бара алады екенмін. Осы тұста күндізгі стационарға үлгермейтінім ештеңе шешпеді. Олар ЭКГ-ны өз емханамда ақылы түрде өтуді ұсынды. Емхананың осылай жасағаны дұрыс па? Пациент не істеу керек?

ЖАУАП: Медициналық ұйым белгілі бір медициналық қызметтерді көрсету үшін Қормен шарт жасаса отырып, өзіне оның талаптарын орындау бойынша міндеттемелерді алады. Қажетті дәрігерлердің, жабдықтардың және басқа факторлардың болмауы пациентке медициналық қызмет көрсетуді ұсынбаудың немесе кешіктірудің объективті себебі болып табылмайды.

Бұл жағдайда, егер емхана сізге күндізгі стационарға жатқызу үшін қажетті ЭКГ қызметін уақтылы ұсына алмаса, сізді бірлесіп орындау шарты бойынша басқа медициналық ұйымға жіберуге тиісті.

Пациент медициналық көмек қол жетімді болмаған жағдайда «Пациенттерді қолдау қызметіне» немесе тікелей осы медициналық ұйымның басшылығына жүгіне алады.

СҰРАҚ: Мені қалалық ауруханаға емханадан МӘМС бойынша бейінді дәрігердің қарауына жіберді. Бұған дейін мен өзімнің учаскемде барлық қажетті талдауларды тапсырдым. Бірақ дәрігер кеңес беру кезінде алдымен барлық нәтижелерді қағазға басып шығарып, содан кейін ғана қабылдауға келуімді сұрады. Ол «бұл жұмысты мен үшін жасамауы керек» екендігін, барлығын қағаз түрінде көрсету қажеттігін айтты. Осы тұста дәрігер маған қорытынды беруден бас тарта ала ма? Егер менде медициналық ақпараттық жүйеге қолжетімділік болмаса (мен қарапайым телефонды қолданамын, онда арнайы мобильді қосымша жоқ) талдаулардың нәтижелерін қайдан аламын? Аурухана маңынан қағазға басып шығару қызметін қайдан іздеймін?

ЖАУАП: МӘМС медициналық қызметін жеткізушілерге қойылатын талаптардың бірі - медициналық ақпараттық жүйелердің болуы. Бұл пациенттер алған барлық медициналық қызметтер электрондық форматта жазылатын ақпараттық жүйелер. Аталмыш медициналық жазбалар дәрігерлер мен пациенттерге қол жетімді.

Сіздің жағдайда МӘМС аясында медициналық қызмет көрсеткен дәрігер ақпараттық жүйеде өзіне қажетті барлық мәліметтерді көре алады және оларды қағазға басып шығарудың қажеті жоқ.

Мұндай даулы жағдайларда медициналық ұйымның «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіну керек.

Айта кетейік, пациент өзі пайдалану үшін немесе басқа клиникаларға ұсыну үшін қажет болса (мысалы, өздігінен жүгінген кезде), өз емханасында барлық сараптамаларды басып шығаруды сұрауға құқылы.