Эпид. ситуация

На 31октября 2025г. распространенность ЛЖВ среди граждан в возрасте 15-49 лет составила 1,0%.

Өскеменде жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік терапевтерге арналған АИТВ мәселелері бойынша облыстық семинар өтті

ЖИТС-пен күресудің дүниежүзілік күні қарсаңында Өскемен қаласында жалпы практика дәрігерлері мен учаскелік терапевтерге арналған мамандандырылған семинар өтті. Іс-шара 14 қарашада ұйымдастырылып, 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін айлық аясында жүзеге асырылды. Айлықтың мақсаты – АИТВ жұқпасының алдын алу шараларын күшейту және медициналық қызметкерлер арасында ақпараттануды арттыру.

Семинар барысында ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары мен бөлім меңгерушілері алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлер күнделікті жұмысында кездесетін маңызды мәселелерді жан-жақты талқылады. Қатысушыларға өңірдегі және республикадағы АИТВ бойынша эпидемиологиялық ахуал, 95-95-95 мақсаттарына қол жеткізу көрсеткіштері, АИТВ-ның берілу жолдары және заманауи алдын алу тәсілдері түсіндірілді.

АИТВ-ға клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тексеру тақырыбы ерекше назар аудартты. Мамандар дәрігер қандай шағымдар мен белгілерге мән беруі керектігін, қандай жағдайларда пациентті АИТВ-ға талдауға жіберу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жүкті әйелдерді бақылау және АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу мәселелері де қарастырылды.

Семинарда АИТВ инфекциясын емдеудің қазіргі тәсілдері, жаңа препараттар, біріктірілген емдеу сызбалары, резистенттілік мәселелері және қосымша аурулары бар пациенттерді жүргізудің ерекшеліктері түсіндірілді. Вирустық гепатиттерді қоса алғанда, қосалқы жұқпалар (ко-инфекциялар), олардың диагностикасы мен емдеу тактикасы да айтылды.

Практикалық бөлімде қатысушыларға АИТВ-ға жедел тестілеу тәртібі көрсетіліп, АИТВ инфекциясының өршіп кеткен сатылары бар пациенттерге медициналық көмек көрсету және ауруханаға жатқызудың көрсеткіштері талқыланды.

Мамандар атап өткендей, жалпы практика дәрігерлерінің қырағылығы мен клиникалық көрсеткіштер бойынша пациенттерді дер кезінде АИТВ-ға тестілеуге жіберуі – инфекцияны ерте анықтаудың және тиімді емдеудің басты факторы.