Шығыс Қазақстан облысында «Император» сауда орталығында ЖИТС-пен күрес жөніндегі дүниежүзілік күнге орай «Өз мәртебеңді біл» акциясы ұйымдастырылды. Шараны ШҚО ЖИТС орталығы НПО Answer-мен бірлесіп өткізіп, сауда орталығына келген тұрғындардың назарын бірден өзіне аудартты.
Сауда үйінің холлында мамандар АИТВ-ға жедел экспресс-тестілеу жүргізіп, сондай-ақ жеке кеңес беру жұмыстарын өткізді. Қатысушылар АИТВ жұғу жолдары, алдын алу, ерте анықтаудың маңыздылығы туралы толық әрі сенімді ақпарат алды.
Көптеген тұрғындар акция туралы әлеуметтік желілерден біліп арнайы келсе, енді біреулері сатып алу үшін келген сәтте холлда өтіп жатқан шараны көріп қатысуға шешім қабылдаған. Ашық форматтағы және қолжетімді акция кез келген адамға кезексіз, жазылусыз тест тапсыруға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар мұндай шаралар қоғамда қалыптасқан қате түсініктерді жойып, ағарту жұмысын күшейтетініне және тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал ететініне сенімді.

